Билл Гейтс әлемдегі "ең бай адам" атағын қайта иемденді

Билл Гейтс әлемдегі Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс миллиардерлер арасынан "әлемдегі ең бай адам" деген атағын қайтарып алды. Бұл жөнінде күнделікті рейтинг түзіп отырған Bloomberg бүгін хабарлады. 

Оның есебі бойынша, 2013 жылдың 17 мамырындағы Гейтстің байлығы 72,7 миилиард долларды құраған.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 миллиардқа көп деген сөз. Билл Гейтс осы көрсеткішімен бірінші орындағы мексикандық медиамагнат Карлос Слимді басып озды. Ол ең ауқатты деген атақты 2010-2012 жылдар аралығанда сақтап келді. Оның бүгінгі күнгі байлығы 72,1 миллиард доллар болып отыр.  

Microsoft негізін қалаушысы 1995 жылдан бері 13 жыл бойына бірінші орынды ешкімге бермей келді. Оны тек 2008 жылы американдық қаржыгер Уоррен Баффет ығыстырды. Одан бері Гейтс тек 2009 жылы ғана өз атағын қайтарып алды.  

Билл Гейтс байлығының көбі өзіне қарайтын Cascade Investments холдингі арқылы басқарылады. Ал Microsoft компаниясында оның байлығының 1/4 бөлігі сақталған. Сондай-ақ ол әйелі екеуі құрған Билл және Мелинда қайырымдылық қорына 1994-2010 жылдары 28 миллиард доллар қаржы аударған.  

Bloomberg рейтингісі 2012 жылдан бері күн сайын жаңарып отырады. Ол жерде басында тек қырық адам болса, қазір оның тізімінде жүзден аса миллиардер бар.