Қазаққа космос керек пе?

Қазаққа космос керек пе?Қазақстанда, Сарыағаш қаласында болғанда  теледидардың арналарын әрі –бері аударып, дұрыс қазақша  бағдарлама таппадым. Ашқан арналардың бірінде өзбек ағайын күй күйлеп, түркімен ағайын би билеп, татар ағайын жыр жырлап жатады. Әйтеуір, арасында орыс, қазақ тіліндегі жаңалықтарды,

немісше де сөйлеген  хабарды көзім шалып қалады. Әсіресе қытай, түрік, орыс фильмдері бүгінгі күнде Қазақстанда модаға айналғандай, бәрі соны көріп, естері кетуде. Бұл не, бұларда тәрелке жоқ па, деп  шипажайдың сыртын айналып шықтым. Мәссаған, біреу емес, дәу-дәу он шақты тәрелкелер қалқайып, сап түзеп тұр. Байқоңыр тиіп тұр, ғарышта спутниктер ұшып жүр. Не сұмдық, әлде  саудаға жақын  көрші ағайындар, ол жақты да сатып алып қойды ма?

Қазақтар реформамен айналысып, ғарышты игеруді армандап жүргенде, көрші пысық ағайындар ғарышта да, өз шатырларын тігіп үлгерген бе? Олай дейтінім, кеше ғана «Новое поколение» газетінен, «Космос для начинающих» деген мақала оқыған едім. Оның басында «Реформа по инициативе Национального космического агентства («Казкосмос») продолжаются. Сегодня, по словам главы этой струкруры Т.Мусабаева, необходимо создать самостоятельную космическую отрасль. Однако, этим планам мешает серьезный  кадровый голод. В то время выход, по словам экспертов есть - создать на базе казахстанских вузов площадку по подготовке отечественных специалистов», - деп жазылған.

Ол кісінің айтуынша, егемендік  алғанына 19 жыл болған Қазақстанда  ғарыштық  оқу орыны түгілі, жоғарғы техникалық оқу орындарының өзінде де арнайы факультеттер жоқ екен. Солай бола тұрса да, осы мақалада «Ғарыштық зерттеу және технология ұлттық орталығы» АҚ, «Қазақстан Ғарыш Сапары ҰК» АҚ, «Қазсат» сынды компаниялар жұмыс істеп, Ресей мемлекетімен бірігіп, әлемде теңдесі жоқ ғарыштық-ракеталық «Бәйтерек» салынып жатқаны жазылған.

Егемендік алған алғашқы күндері  Президент Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысы бойынша қазақстандықтарға өзіндік ғарыштық ұжым құруы үшін оның негізін қалайтын жүз жоғары дәрежелі маман керек деген еді, ал бүгінде, ондай ұжым құруға төрт жүз маман керек деген дерек бар. Ал, ертең қанша боларын кім біледі? Уақыт өткен сайын, ғарыштың да қыр-сыры көбейе береді де.

Қазақстан бұл мамандарды қайдан алмақ?Алматыда және Байқоңырда осы мамандыққа туыстас мамандар дайындайтын, ғарыштың әліппесін үйрететін екі лицей бар. Олардан ұшып шыққан оқушылардың бағы жанғаны алыс-жақын шет елдерде, Ресейдегі МАИ-де, Можайский атындағы Әскери-ғарыштық академияда, бастысы Н.Э.Бауман атындағы Мемлекеттік техникалық университетте оқуларын жалғастырады. Солай бола тұрсада, Ресейде ғарышқа байланысты жоғарғы оқу орындарының факультеттеріндегі кейбір мамандықтарда оқу, Кеңес өкіметі кезінің өзінде ресейліктерден  басқаларға жабық болатын, қазірде солай. АҚШ-тың  да өзінің ішкі сыры мен жырын басқаға ашпайтыны белгілі. Бұл айқайлап айтылмайтын заң, бар елде осылай сақталады.Осы университетті бітіріп келген мамандар, маманға сусап отырған Қазақстанда  басқа салаларда жұмыс жасап жүр. Жоғарыда айтылған АО-ларда оларға орын жоқ, болған күнде жалақысы тым мардамсыз.

Жалпы, ғарыштық бағытта нақтылы жоспарланған жұмыстар бар ма, әлде ол ғарыштың өзіндей алыс, белгісіз жұлдыздардай жымыңдай ма? Соған байланысты ма, соңғы кездері «Болашақ» жобасының ғарыштық бағыты жас талапкерлерді онша қызықтыра бермейді екен. Бұл Қазақстанда арнайы мектептер, факультеттер ашу керектігін, ғарышкер мамандарды оқытатын оқытушылар дайындауды бастау керектігін (Ресейдегі, Америкадағы секілді) көрсетеді. Оқытушылар мен оқу процессінде оқытатын оқулықтар бүгінгі күн тәртібіндегі ең бірінші мәселе.
2008 жылдың қараша айынан бастап, Мәскеудің іргелі Н.Э.Бауман атындағы мемлекеттік техникалық унверситетінің (МГТУ) осы саладағы мамандары өздерінің жаңадан шығарған оқулықтарын сынақтан өткізу үшін, екі-үш рет өз қаражаттарымен келіп, бір апта лекциялар оқып, тыңдаушыларға арнайы құжаттар тапсырған екен. 2009 жылдан бастап осы университеттің мамандары Алматы мен Астанада қазақстандық мамандарға жыл бойы семинарлар өткізуде. Биыл да солай болмақ. Бұл университеттің басшылары Алматы қаласындағы техникалық оқу орындарымен бірігіп, арнайы оқу бөлмелерін ашуға ниет те білдіріп отырған көрінеді. Бастама сәтті басталып отыр.Оқытушыларды, оқулықтарды қайдан іздеу керектігін уақыт өзі айтып тұр. Бірақ, біздің ағайындар «асықпаған арбамен қоянға жетерге» салып отырған сияқты. Ағайындар-ау, аң аулаумен емес, ғарышпен жұмыс жасап отырғанымызды ұмытпағанымыз дұрыс болар.

Үстіміздегі жылдың  сәуір айында осы тақырыпта  өткізілген семинарда, жаңа оқу жылынан бастап, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ, Гумилев атындағы ЕҰУ, Жәңгірхан атындағы Батыс-Қазақстан аграрлық-техникалық университеттері мен Алматыдағы байланыс және энергетикалық  институтында осы салада бөлімдер ашып, білім алуға талапкерлерді қабылдамақшы деген жүрекке жылы тиер жаңалықтарды да көзім шалып қалды.
Талапкерлер келеді, құдайға шүкір, жастарымыздың ғарышты меңгеруге ниеті бар. Екі айдан соң жаңа оқу жылы басталады. Ал, жоғарыда аты аталған жоғарғы оқу орындарында бүгінгі күн талабына сай жабдықталған бөлмелер, оқулықтар, арнайы осы салада білім беретін маман оқытушылар бар ма?

Осы тақырыпта, Мейірбек МОЛДАБЕКОВ, Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары:

– Шетелде ғарыш саласындағы кәсіби мамандарды даярлау жұмысының сол елдің азаматтығын алу және дайындық курстарының қысқа болуына байланысты ойдағыдай жүзеге аспай жататын кезі болады. Сондықтан бұл мәселені шешуге біздегі жоғары оқу орындарының бүгінгі әлеуеті мен шамасы әбден жеткілікті деп айтар едім. Сол мүмкіндікті пайдаланып, оны нақты істе жүзеге асыру керек. Кадрларды дайындағанда ғарыш кәсіпорындарының мүмкіндігін егжей-тегжейлі зерттеп, анықтап алған жөн.  Ұлттық ғарыш ғылыми-зерттеу институты мен кәсіпорындары алдына мынадай міндет қойдық: ондағы мамандар ЖОО-да оқитын студенттерге өздері барып, практикалық білім беруге атсалысуы тиіс,-дейді.

Бұл сөздердің өмір шындығына айналуына аз ғана уақыт қалды. ЖОО-дағы мамандардың  да Отаншылдық сезім оянып, білім берер күні жақын. Сөзден іске ауысатын күн туады ма, әлде ғарышта жоғалған спутникімізді тауып алсақ, Ресейде сынақтан өткізіліп жатқан «Марс-500» экипажының  құрамынан  қазақ марсолеттерін көрсек, Қазақстанның түкпір-түпкірінде телеарналар қазақша сайрап тұрса деп, арманға мініп, реформаларға семіріп, бұрқырап  жүре береміз бе? Ал, Ресейге Байқоңыр керек болмаған күні, оның қай жыртығын бітерімізді,онымен  қай тілде сөйлесерімізді  білмей жүрмейік ағайын.

Үстіміздегі жылы Ресей Федерациясының Франциядағы жылының ашылуына байланысты өткен жәрмеңкесін,  Ресей мемлекеті өзінің қазіргі заманға сай ғарыш алаңының жобасын көрсетуімен ашты.

Өтешова Жарқын Қоңырбайқызы