Байланыс операторлары кеңесінің қорытындысы

Осы аптада Байланыс операторларымен бас қосып,  Мемлекет басшысының  2015 жылға дейін республиканың барлық телекоммуникация желілерін 100 пайыз цифрлау және Интернет желісіне қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі міндетін жүзеге асыру барысын қарадық.

Сондай-ақ, кеңесте WiMax және FTTH, СDMA -450, 3G байланыс технологияларын қолдану арқылы  Интернетке  кең  жолақты  қолжетімділікті дамытуды жүзеге асыруға бағытталған  іс-шаралар нақтыланған  «Жол картасын» талқыладық.  Аудан орталықтары мен облыс орталықтарын қоса алғанда елді- мекендерге  Интернетке кең жолақты қолжетімділікті пайдалану 3G ,WiMax және FTTH технологиялары арқылы, ал 50 адамнан астам тұрғыны бар ауылдарда СDMA -450 технологиясы арқылы  қолжеткізу мүмкін болмақ.
«Жол картасын» жүзеге асыру арқылы, біз Республиканың барлық тұрғындарын 100 пайыз Интернет желісіне қолжетімділікпен қамтамасыз ететін боламыз және қызмет көрсету сапасын жоғарлатып, Интернетке қосылу жылдамдығын арттырамыз.

ҚР Премьер-Министрінің  Интернетке қолжетімділіктің орташа  жылдамдығын жоғарлату туралы тапсырмасына орай, байланыс операторларының кеңесінде алдағы жоспарларымызға бірқатар өзгерістер енгіздік. Байланыс операторларының бұл мақсатқа қол жеткізуі үшін Министрлік барынша қолдау көрсететін болады.

Кеңес отырысында қабылданған шешімге сай, байланыс операторлары алдағы екі апта ішінде Министрлікке жоғарыда аталған міндеттер мен тапсырмаларды ескере отырып, «Жол картасын» жүзеге асыру  бойынша өз ұсыныстарын берулері қажет.

Бұл жерде айтып өту керек,  Байланыс операторлары  Интернетке  қолжетімділік жылдамдығының  жоғарлауы тарифтік  жоспар бағасының өсуіне  еш әсер етпейдігіне сендіруде.

Осы отырыста біз байланыс операторларымен байланыс саласындағы мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізу туралы ынтымақтастық Меморандумына қол қойдық.

Байланыс операторларының мәлімдеуінше, олар  Интернетке кең жолақты қолжетімділікті дамыту шараларын жоспарға сай жүзеге асыруда. Қостанай облысындағы елді мекендерде   бұл жоба СDMA -450 технологиясы арқылы іске қосылады, алдағы наурыз айында 600,  ал 2011 жылдың соңына 4400 абонентті тіркеу жоспарлануда. Үстіміздегі жылдың желтоқсанында    бұл көрсеткіш  Алматы, Ақтөбе, Жамбыл облыстары бойынша тағы 11000 абонентке арта түспек.

Сонымен бірге, 3G байланыс желісін дамыту да байланыс операторларының жұмыс жоспарына  сай жүргізілуде.

Жұмағалиев А.Қ.
ҚР Байланыс және ақпарат министрі