Қазақстанда жасалған өнімге отандық кәсіпкерлерден сұраныс аз
- Толығырақ
- Категория: Жаңалықтар
- Жарияланды 04.06.2013 07:22
Отандық өнімге сұраныс аз. Атырауда индустриалдық бағдарлама аясында салынған зауыт өндірістік әлеуеті жете тұра, толық қуатымен жұмыс істей алмай тұр. Өйткені көптеген кәсіпорындар қажетті бөлшекке деген тапсырысты жергілікті тауар өндірушілерге емес, шет елге береді.
Құбырларды жалғауға арналған тығыздаушы және төсемдік материалдар шығаратын зауыт екі жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама аясында қаржыландырылған болатын. Кәсіпорын Қазақстан мен Британияның бірлескен жобасы болғандықтан, басында шет елден біліктілігін арттырып келген жергілікті мамандар енді Ерлан Байдуллин секілді жергілікті жастарды өздері баулуда.
Ерлан БАЙДУЛЛИН, зауыт операторы:
- Мен осында келгеніме 3 айдай болды. Осы станоктарда кезек-кезек дайындықтан өтіп, үйреніп жатырмыз. Бұрыннан істеп жүрген шеберлер Англияда оқыған. Солардан білмегенімізді үйреніп жатырмыз.
Мұнда шығарылатын өнімдер кез-келген әлемдік сапа стандартына сай дайындалады. Сонымен қатар жұмыстың көпшілігі автоматика емес, қолмен істеледі.
Бұл зауыт тығыздауыш және төсемдік материалдар шығаратын еліміздегі жалғыз кәсіпорын деп айтуға болады. Қазір мұнда қарапайым жеңіл өнеркәсіптен бастап ғарыштық техникалардың бөлшектері шығарылады. Ең бастысы - тауарға сұраныс бар. Қазір республика аумағы ғана емес, көрші мемлекеттерден де тапсырыстар түсіп жатыр.
Зауыттың өз ерекшелігі де бар. Өйткені мұндағы өнім алдын-ала шығарылып артығы қоймаға тоғытылмайды, тек берілген тапсырысқа сәйкес дайындалады. Сондықтан да жылына 200 мың дана тығыздауыш шығаратын зауыт әлі күнге толық қуатына қосыла алмай тұр. Әрине сұраныс бар, бірақ зауыттың бұдан әлдеқайда көп өнім өндіруге қауқары жеткенімен, станоктардың біразы қаңтарылып тұр.
Николай ИГНАТОВ, зауыт директорының өндіріс жөніндегі орынбасары:
- Қазақстандық, оның ішінде жергілікті компаниялар шет елден тасығанша, бізге тапсырыс берсе, екі жаққа да тиімді болары еді. Өйткені біздің өнімдердің сапасы ағылшындықтардың сапасынан жоғары болмаса, төмен емес.
Кәсіпорындағы негізгі проблема әзірге – осы. Атырау облысында ондаған ірі мұнай-газ компаниясы болса да, жерлестеріміз отандық өнімді қолдаудың орнына қажетті материалдарды қыруар ақша шығарып шет елден тасымалдауда. Ал керісінше арзан әрі сапалы отандық тауарға қызыққан көршілес Ресей, Әзірбайжан, Түрікменстан елдері зауытқа үзбей тапсырыс беріп отыр.
www.24.kz