ҚІБ төрағасының баяндамасы
- Толығырақ
- Категория: Қоғам жаңалықтары
- Жарияланды 28.11.2010 01:10
Қазақ Инженерлер Бірлестігінің Орал қаласында 26 қараша күні өткізген кездесуде төрағасының айтылған сөзімен таныс болыңыз:
“Құрметті достар!
Бүгінгі Оралдағы кездесуге келгендеріңізге көп-көп рахмет!
Бұл кездесуіміздің негізгі мақсаты сіздерді жаңадан құрылған Қазақ Инженерлер бірлестігімен таныстыру.
Қазақ инженерлер бірлестігін құру идеясы 2009 жылдың желтоқсанында бірінші рет Ақсай қаласында бір топ инженер арасында талқыланды. 2010 жылдың сәуір айында Үкіметтен тіркелу куәлігі алынды.
Бұл бірлестікті ұйымдастырғанда біздің негізгі ойларымыз мынадай еді:
Біріншіден, тап осындай кәсіби бірлестіктер әлемде көп заманнан бері жұмыс жасап, өркендеп жатыр. Бұл, мысалы, IEEE – америкада негізделген, қазір әлемде ең үлкен кәсіби бірлестік, шамамен 395 мың адамнан құралған. Және де бұл IET – британиялық техникалық қоғам, саны 153 мың адам. Тағы да осындай жүздеген бірлестіктер бар жер бетінде. Осыны көре жатып, өз-өзімізге осы қазақтарда неге жоқ осындай ұйым деген сұрақ қойдық.
Екіншіден, совет үкіметі заманында оқыған мамандар сауатты болғанымен қазіргі кезде білім беру сапасы жалпы төмендеп кетті. Осы жағдайды көре тұрып, техникалық бірлестік тәжірибелі мамандардың өздерінің көрген-білгенін жастарға үйретуге себеп болар ма екен деп ойладық.
Үшіншіден, Қазақстан жас және жылдам өркендеп келе жатқан мемлекет. Жер астындағы байлық және дүниежүзілік қолайлы жағдай Қазақстанға өркендеуге тамаша жәйт туғызып тұр. ЮНЕСКО ақпараты бойынша әлемде жыл сайын 50 тіл жоқ болады. Тілдің өлуінің негізгі себебі – ол тілді ешкім қолданбағандық. Қазақ тілін көбірек қолдану керек, соның ішінде тек қана әдеби тіл емес, техникалық тілді де дамыту керек.
Осы, және тағы да басқа факторларды еске ала тұрып біз сәуір айында тұңғыш Қазақ Инженерлер Бірлестігінің тұсауын кестік.
Біздің Бірлестік ешқандай коммерциямен айналыспайды және ұлтшылдыққа да қатысы жоқ.
Өткен айларда біздің жасаған істерімізбен таныс болыңыздар:
Интернеттен өзіміздің www.kazib.kz атты сайтты аштық. Сайтымыз үш тілде жүргізіледі. Сайттың негізгі тілі - қазақ тілі. Сайтты меңгеру үшін Джумл атты қозғалтқыш қолданылды, Қазақстанда тұңғыш рет біз осы қозғалтқышты қазақ тіліне аударып қолдандық. Негізі біз басынан өзімізге осындай ереже қойдық – қандай құжат болсын, мәлімет, хаттама я тағы басқа нәрсе болса да, біз оны міндетті түрде қазақ тілінде қолдануымыз керек.
Біздің сайтымызға кіріп техникалық мамандықтардың беделін көтеруге арналған және кісілерді техникаға қызықтыратын өз қолымызбен жасап шығарған бейнетаспаларды тамашалауларыңа болады. Қазақша үйренем деген басқа елдердің азаматтарына да арнап бейнетаспалар өндірдік.
Қыркүйек айында WFEO атты Техникалық Қоғамдар Әлемдік Федерациясына кіріп соның мүшесі болдық. Бұл ЮНЕСКО сүйемелімен негізделген, Париж қаласында орналасқан, 80 елдің инженерлік ұйымдарын біріктірген және 8 миллион инженерлердің өкілі болып отырған, үкіметтік емес ұйым.
Біздің болашақ жоспарлар:
Сайтымыздың ішінен Қазақ Техникалық Энциклопедиясын ашамыз деген ой бар. Өзіңіз де білесіз, қазір ағылшын я орыс тілінде интернетте көп ақпарат табуға болады, бірақ қазақ тілінде ештеңе жоқ. Көптеген техникалық материалдар қазақ тілінде қазақстандық техникалық жоғарғы білім беретін мекемелерде бар, бірақ олар біріктірілмеген, әр мекеме өзінің сөздігін қолданады. Сондықтан сол сөздерді, терминдерді бірыңғайландыру керек және сол энциклопедия бар қарапайым халыққа ашық яғни қолжетерлік болу керек деп есептейміз. Осы мақсатымыз орындалса бұл қазақтың тұңғыш техникалық энциклопедиясы болар еді.
Зейнеткер және мүгедектерге бет бұру және олардан көмек алу. Біздің ойымыз – қабілетті мүгедек адамдар немесе тәжірибелі зейнеткерлер қазақ қоғамына үлкен көмек жасайтын мүмкіндігі бар. Біздің мақсатымыз сондай адамдарды тауып, солармен бірге жұмыс жасау. Бұл мәселе өте маңызды, сонымен қатар күрделі, сондықтан әліде бірлестіктің ішінде талқыланып, бағдарлама өндіріледі.
Интернет-сайтымызды өркендетіп, қазақстандық ең оқымды техникалық интернет-портал атағына жетеміз деген жоспарымыз бар. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін техникалық авторлық және жаңалық мақалалардың санын және бейнетаспалардың санын көбейтеміз.
Орал қаласындағы кездесулер жүйелі түрде өткізілуі керек және олар алдыңғы қатарлы инженерлерге ұнамды болу керек. Осы кездесулерді 2-3 ай сайын өткіземіз.
Ал, енді қорытынды ретінде айтарым: біздің бірлестік Қазақстанның және өзіміздің техникалық қоғамның жарқын келешегіне сенеді.
Барлық қазақ халықының болашағын ойлаған, қазақ техникалық прогресске жандары ашыған адал техникалық маман азаматтар бізге қосылады.
Бәріміз бірге жарқын болашақты құрамыз!”