Қазақ тілді БАҚ-тардың веб сайттарының ортақ платформасы жасалмақ
- Толығырақ
- Категория: Байланыс
- Жарияланды 04.10.2010 22:12
Мен бүгін қазақ тілді БАҚ-тардың өкілдерімен және блогшылармен, интернет-кеңістігін дамытумен айналысатын сарапшылармен кездестім. Кездесуде қазақ тіліндегі веб сайттарды дамыту, олардың рейтингін көтеру мәселесін талқыладық. Себебі, бүгінгі күні Қазнетте 7000 ға жуық сайт болса, олардың тек 600 ден астамы ғана қазақ тілді сайттар.
Өкініштісі, олардың ішінде сапалы жасалған сайттар өте аз. Ал, қазіргі кезде халықтың көпшілігі ақпаратты интернеттен алады. Өйткені, тез әрі ыңғайлы. Сондықтан, баспасөздер жаңа ақпараттық технологияларды мүмкіндігінше игерулері керек.
Біздің министрлік осыдан жарты жыл бұрын БАҚ-ның онлайн-нұсқаларының форматын жаңарту, контентін жақсарту жұмысын жүргізуді қолға алды. Нәтижесінде «Егемен Қазақстан» газетінің веб-сайты өте сапалы шықты. Сайттың рейтингісі көтеріліп, қолданушылар саны екі есеге артты. Қазнеттегі ең үздік 20 сайттың қатарына қосылды. Осындай сапалы жасалған қазақ тілді сайттардың қатарын көбейтуіміз керек. Министрлік оларға қолдау көрсететін болады. Бүгін мен «Қазконтент»АҚ-на республикалық қазақ тілді БАҚ-ның веб-сайттарын жасауға көмектесу жөнінде тапсырма бердім. Сондай-ақ, Министрлік қазақ тілді БАҚ-тардың сайттарын бір каталогқа орналастыруды ұсынып отыр. Ол сайттарды қолдануды жеңілдетпек.
Айтып өткен жөн, Министрліктің бұл ұсынысы бүгінгі кездесуге келген қазақ тілді БАҚтардың бас редакторлары мен өкілдерінің көңілінен шығып, олар бірауыздан құптады.
Өздерің байқағандай, Министрлік мемлекеттік тілді дамытуға көп көңіл бөліп отыр. Мен өзімнің блогымда осыдан бұрын да жазған болатынмын. Мемлекеттік тілдегі телевизиялық контенттін көлемін ұлғайту мақсатында біраз жұмыстар атқарылуда. Бұл шаралар өз нәтижесін беруде.
ҚР Халықтарының Тілдер күніне орай, телекоммуникация саласының қызметкерлері тілдер фестивалін ұйымдастырды. Фестивальге қатысушы компания қызметкерлері мемлекеттік тілді жақсы меңгергендерін байқатты.
Біз алдағы уақытта да қазақ тілді БАҚтарды дамытуға көмектесетін боламыз. Осы орайда, қазан айында қазақ тілді баспасөз ақпарат құралдарының Құрылтайын өткізуді жоспарлап отырмыз.
Жұмағалиев А.Қ.
ҚР Байланыс және ақпарат министрі