Қазақстанның жерді қашықтықтан барлайтын алғашқы спутнигі
- Толығырақ
- Категория: Байланыс
- Жарияланды 23.01.2011 22:22
«Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясының басшысы Ғабдоллатиф Мырзақұлов: Қазақстанның жерді қашықтықтан барлайтын алғашқы спутнигі француздың Куру ғарыш айлағынан ұшырлады. Астанада ғарыш аппараттарын шығаратын Құрастыру-сынау кешенінің құрылысы басталды.
Жоспар бойынша, енді екі жылдан кейін француздың EADS Astrium компаниясымен бірлескен кәсіпорын тұңғыш отандық жер серігін – Жерді қашықтықтан барлау жүйесін жасауға кіріседі.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясының президенті Ғабдоллатиф Мырзақұлов «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне берген сұхбатында еліміздің Жердегі және ғарыштағы ауқымды жоспарлары туралы әңгімелеп берді.
- Қазақстан Құрастыру-сынау кешені мен Жерді қашықтықтан барлайтын ғарыш жүйесін жасауда неліктен EADS Astrium компаниясын таңдады? Шетелдің бұл компаниясы діттеген жерден шыға ма? Ол жобаға қаржы бөлуді бастады ма?
- Қазақстан отандық ғарыш саласын дамыту бағдарламасының алғашқы сатысындағы (2005-2007) тәжірибелерді ескерді. Егер бұрын негізінен ғарыш қондырғысын дайындау мен жеткізіп беруге ден қойған болсақ (бұл жерде KazSat-1 жер серігі мен жерден басқару пункті туралы әңгіме болып отыр), енді біз республикамызға осы жоғары технологияларды жеткізіп беру мәселесін басшылыққа аламыз.
Осы мақсаттарға жету үшін Қазақстан классикалық жолды таңдап алды: егер ғарыш саласын дамытқымыз келсе, тәжірибелік-конструкторлық және өндірістік-технологиялық база қалыптастыруымыз қажет.
Өкінішке орай, соңғы бес жылда Ресей тарапынан жасалған 5 телекоммуникациялық жер серігінің үшеуі қиындықтар туғызды (соның ішінде KazSat-1 спутнигі де бар). Ресей Федерациясының ғарыш өнеркәсібіндегі осындай сәтсіздіктер Қазғарышты Еуропадан сенімді технологиялармен жұмыс істейтін әріптес іздеуге іздеуге мәжбүр етті.
Анықтамалық ақпарат
Ресейдің Хруничев атындағы ғарыш орталығында жасалған KazSat-1 жер серігі 2006 жылы 18-маусымда Байқоңырдан ғарышқа ұшырылған болатын. Сол жылдың 8-маусымында борт жүйесіндегі ақауларға байланысты жер серігі жұмысын тоқтатты. Жер серігін қалпына келтіруге бағытталған жұмыстардан ештеңе өнбеген соң, 2008 жылдың желтоқсанында Қазғарыш басшылары KazSat-1 мүлдем істен шықты деп мәлімдеді. 2009 жылдың тамызында ол орбитада жойылды. KazSat-2 спутнигі де осы Хруничев атындағы орталықта құрастырылып жатыр. KazSat-2 биылғы жылдың желтоқсан айында ғарышқа ұшырылмақ.
Осы жағынан алғанда, Қазғарыш былтыр күзде ғарыштық жүйелер жасап шығару жағынан Еуропадағы аса ірі (әлемдегі екінші компания) EADS Astrium компаниясымен стратегиялық әріптестік туралы келісімшарт бекітті. Келісім бойынша, Қазақстанға заманауи технологияларды жеткізіп, Астанада ғарыш аппараттарын шығаратын Құрастыру-сынау кешенін салу көзделген. 30-сәуірде бірлескен кәсіпорын тіркелді, Astrium-ның ондағы үлесі 27,5%.
Қазіргі кезде Бірлескен кәсіпорында ұйымдастыру жұмыстары белсенді түрде жүріп жатыр: біз француз әріптестерімізбен бірге БК-ның атқарушы органы мен бақылау кеңесін құрып жатырмыз. Ал, қазан айына дейін кәсіпорынның жарғылық капиталы қалыптасады. Ғылыми орталықтың жобалық-сметалық құжаттары мен Құрастыру-сынау кешенінің экскиздік жобасы әзірленіп болды деуге болады. Техникалық қондырғыларды жеткізу және құрастыру кешенін салу туралы келісімшарттар да дайындалуда. Біз бұл келісімдерге алдағы 2-3 апта ішінде қол қоямыз деп жоспарлап отырмыз.
Қаржыландыру жайына тоқталар болсақ, Құрастыру-сынау кешеніне қатысты жобаның құны 131 млн еуроға бағаланып отыр. Оның ішіне қондырғылар бағасы, кәсіпорынды салу мен оны 2016 жылға дейін ұстау құны кіреді. EADS Astrium компаниясы осы шығындардың үштен бірін көтереді. Сонымен қатар, келісім бойынша француз әріптестер биылғы жылдың қазан айына дейін бірлескен кәсіпорынның жарғылық капиталына өз жарнасын құюы тиіс.
Анықтамалық ақпарат
Жерді қашықтықтан барлау жүйесі мен оны пайдалану, ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін салу туралы келісімге 2010 жылы 6-қазанда Франция президенті Николя Саркозидің Қазақстанға сапары барысында қол қойылған болатын. Қазғарыш пен EADS Astrium компаниясы 2011 жылдың соңына қарай Астанада Ғарыш аппараттарын Құрастыру-сынау кешенін салмақ.
- Спутникті басынан бастап құрастыру өте көп қаржы мен қыруар еңбекті қажет ететін жұмыс. Қазақстанның бұған қаржысы жетеді делік, бірақ бізде ғарыш саласының мамандары тапшы екені рас қой. Сіздер осы жобаға қажетті білікті мамандарды қайдан аласыздар?
- Осы жерде айта кетелік: ғарыш орталығының құрамына Құрастыру-сынау кешенінен басқа ғарыш техникасының конструкторлық-технологиялық бюросы, ғарыш технологияларының ұлттық зертханасы, ғарыш аппараттарының ққосалқы бөлшектерін шығаратын кәсіпорын кіреді.
Ғарыш орталығы соны үлгідегі сынау қондырғыларымен жабдықталады. Атап айтсақ, салмағы 6 тоннағадейін жететін ғарыш аппараттарын сынақтан өткізетін термовакуумдық камера, акустикалық камера, вибрациялы қабырғалар, спутниктердегі электр өлшемдерін тексеруге арналған шағын полигон және т.б. Орталықта ғарыш саласына қажетті өнімдерді шығаратын негізгі бюро жұмыс істейді. Ол француз технологияларын бейімдеу мәселесімен де айналыспақ.
Осы жұмыстарды атқару үшін Astrium кәсіпорындары үш жыл ішінде қазақстандық мамандар ішінен 100 адамды оқытып шығарады. Олардың арасында құрастырушылар, технологтар мен сынақшылар да бар. Соның 20-сы алдағы қыркүйек айында Францияға аттанады. Сол жерде біз өзіміздің тәжірибелік кәсіпорнымызды ашамыз, ол отандық өнімдерді сынақтан өткізетін қондырғылармен жабдықталады.
Басқаша айтқанда, отандық мамандармен толық қамтамасыз етілген технология тізбегі құралады.
- Маркетингтік мақсаттар қандай? Өйткені, Құрастыру-сынау кешені Қазақстанның қажетін ғана өтеп қоймайтын шығар? Сіздер кеткен шығынның орнын толтыру жағын ойладыңыздар ма?
- Бірден айта кетейін: құрастыру кешені бастапқы сатыдан бастап тапсырыспен және қаржымен қамтамасыз етілген. Бірлескен кәсіпорынның бизнес-жоспарында алдағы жылдарға жоспарланған барлық қазақстандық жер серіктері қамтылған. Бұл жерде телекоммуникациялық KazSat-3, KazSat-4 пен осы топқа жататын байланыс спутнигі, Жерді қашықтықтан барлау спутнигі, осы жүйені ауыстыратын ғарыш аппараты, отандық ғылыми жер серіктері туралы айтылып отыр. Соңғы жер серіктері ғарышты тыңғылықты зерттеу мәселелерін шешіп беруі тиіс. Міне, бизнес-жоспардың негізі осындай.
Оған қоса, біз 2018 жылы аймақтық байланыс спутнигін құрастырмақпыз. Ол ТМД мемлекеттерінің мүддесі үшін қызмет етіп, Орта Азия мемлекеттерінің орбитралдық-жиілік ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Біз алдағы 6-7 жылда бұл бастаманы төңірегіміздегі көршілерімізбен пысықтап аламыз деп үміттенеміз.
Қазірдің өзінде көптеген шетелдік әріптестеріміз Құрастыру-сынау кешеніне қызығушылық таныта бастады. Олардың кейбірі келешекте біздің кешенде өздерінің ғарыш аппараттарын сынамақшы. Енді бірі тапсырыс берушіге айналуы мүмкін. Қазіргі таңда араб елдері тарапынан осындай қызығушылық туып отырғанын сенімді түрде атап өте аламын.
Сонымен қатар, біздің стратегиялық әріптесіміз бес жыл бойы, жыл сайын Құрастыру-сынау кешеніне 12 млн еуро көлемінде тапсырыс беруге кепілдік еткенін де естен шығармаған жөн. Яғни, бұл тапсырыстарға экспортқа арнап нақты механика, кабельді-өткізгіш өнімдер, бортқа арналған кабель желісін өндіру сынды қызмет түрлері кіреді.
Француздар Қазақстанға отандық жүйенің Жерді қашықтықтан барлау спутнигі арқылы жасалатын Жер бедерінің суреттерін өздерінің желісі арқылы таратуға көмек бермек. Бұған едәуір қаржы қажет. Маркетингтік зерттеулерге қарағанда, Қазақстанда жұмыс істейтін мұнай компаниялары жыл сайын шетелдерге ЖҚБ спутниктері арқылы түсірілген суреттерге тапсырыс беріп, соған 80 млн долларға жуық қаржы төлейді екен. Біз бұл рынокты толықтай жаулап алуды мақсат етіп отырғанымыз жоқ, бірақ соның 20% да 10 жыл ішінде ЖҚБ жүйесінің өзін-өзін ақтауына жеткілікті.
Сонымен, болашақ Құрастыру-сынау кешеннің өндірістік күш-қуаты ішкі рынок (ақшалай алғанда 66%-ын) пен халықаралық рыноктың (қалған 34%) тапсырыстарымен толтырылмақ.
Кешен жобасы тапсырыс аз болған күннің өзінде жұмсалған қаржыны қайтарып алуға мүмкіндік береді деп сенеміз. Техникалық-экономикалық негіздемеде жұмсалған ақшаны қайтарып алудың нақты мерзімі 10 жыл деп көрсетілген.
Сондай-ақ, Құрастыру-сынау кешені бастапқы уақытта (алғашқы 3 жылда) екі жылда 3 ғарыш аппаратын шығарады. 2015 жылға қарай кешеннің қуаттылығы толық пайдаланылмақ.
- Құрастыру-сынау кешенінде қандай жер серіктері құрастырылады? Қанша қосалқы бөлшек шығармақсыздар? Әлде бұл кешен тек «бұрайтын» өндіріс бола ма?
- Сипаттамасы бойынша Құрастыру-сынау кешені Қазақстанға ғарыш аппараттарының барлық үлгісін, соның ішінде оптикалық, радарлы (ЖҚБ) және телекоммуникациялық аппараттарды құрастыруға мүмкіндік береді.
Бірақ мен мұны «бұрайтын өндіріс» деп атамас едім. Әрине, негізгі жинақтаушы бөлшектер Францияда өндіріледі (өзге елдер де қарастырылады), бірақ біз өзімізде де ғарыш аппараттарын құрастыру, сынау және тестілеу жағын жолға қоямыз.
Жер серігін шығаруда қолданылатын материалдардың ішінде отандық өнімдер үлесін де біртіндеп арттырмақпыз. Мәселен, 2014 жылдан бастап кешенде қолданылатын отандық өнім үлесі 10% -ды құрамақ, 2020 жылға қарай 40%-ға дейін жетеді. Қазірдің өзінде біздің арнайы конструкторлық-технологиялық бюромыз жұлдызды уақыт көрсеткіштерін (датчиктерді) және GPS уақыт көрсеткіштерін, фазалы антенна торларын жасау үстінде... Былайша айтқанда, ғылыми жұмыс жанданып келеді.
Бастапқы жетістіктер де жоқ емес. Мәселен, Қазғарыш мамандары жасап шыққан 10 шақты әдістеме ғарыш аппаратын дайындаған кезде пайдаланылған техникалық шешімдердің біздің техникалық тапсырмаларымызға сәйкестігін тексеруге мүмкіндік береді. Бұлар шетелдік әріптестермен арадағы ынтымақтастықтың табысты болуын қамтамасыз етеді. Олар біздің неге тапсырыс бергенімізді және нәтижесінде қандай өнімге қол жеткізгіміз келетінін түсінетімізді, тапсырыстың техникалық сапасын тексере алатынымызды да ұғынды.
- Жер серіктерін дербес ұшырмайтын болса Құрастыру-сынау кешеніндегі өндіріс тізбегі толыққанды жұмыс істейді деуге болмайтын шығар... Бүгінде Қазақстан әлемдегі үлкен ғарыш айлағының қожайыны бола тұра, ғарышқа қол жеткізе алмай отыр ғой.
- Қазақстан ғарыштық мүдделерін (ғарышқа ұшу) екі әдіспен жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болмақ. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан Ресей мен Украинаның Cosmotrans кәсіпорнынан үлес алды. Бұл «Днепр» РС-20Б конверсиялық зымырандарын коммерциялық ұшырумен айналысады. Қазғарыш алдағы бір жарым жылда өзінің осы бірлескен кәсіпорындағы үлесін 33,3 пайызға жеткізуді көздеп отыр.
Алдағы 4-5 жылда «Днепр» зымырандарын ұшыру барысында қазақстандық ғарыш аппараттары да ұшырылады деп үміттенеміз.
Оған қоса, Француз әріптестеріміз Қазақстанға ғарыш аппараттарын Гвианадағы Куру айлағынан ұшыру туралы ұсыныс жасады. Қазақстандық Жерді қашықтықтан барлау спутнигі Ariane зымыран тасығышымен ұшырылады. Жер серіктерін жасайтын Astrium компаниясы ғарыш аппаратының қауіпсіздігіне қатаң талаптар қояды. Сондықтан біз француз жағының осы ұсынысын қабыл алдық. Ұшырылым 2014 жылы жүзеге асырылады.
Әрине, Қазақстан жоба құнын төмендету мақсатында ғарыш аппаратын Байқоңырдан ұшыру мүмкіндіктерін де қарастырып көрді. Бірақ, Ресей мен Францияның арасында әскери мақсаттағы спутниктердің тұтастығы туралы келісім болмағандықтан бұның машақаты көп болып шықты.
-Осы жерде EADS Astrium компаниясымен бірлескен тағы бір жоба – Жерді қашықтықтан барлау жүйесі туралы айта кетсеңіз. Осы жүйені жасау бағытында қандай істер атқарылды және ғаламдық қаржы дағдарысы сіздердің жоспарларыңызға қаншалықты әсер етті?
- Жоба біртіндеп жүзеге асырылып жатыр. Жасыратыны жоқ, келер жылға қажетті қаржы төңірегінде қиындықтар туындап отырғаны да рас.
Дегенмен, Сәуір айының соңында біз Жерді қашықтықтан барлау жүйесіндегі жер серігінің біреуі үшін аванс төледік. 17-маусымда француз әріптестеріміз жобаның алғашқы сатысын аяқтап, тапсырды. Яғни, бұл ғарыш аппаратын жасау жұмыстары кесте бойынша жүріп жатыр.
Қазір біздің алдымызда екінші спутникке қажетті аванстық жарнаны төлеу міндеті тұр. Оны Astrium компаниясының Британиядағы бөлімшесі – SSTL компаниясы жасайды. Бұл спутникті жасау жұмыстары шілде айының басында басталады деп үміттенемін. Бұл жобаның іске асу мерзімі әрине, қаржының дер кезінде бөлінуіне байланысты.
- Олай деуге болмайды. Бұл келісімде Франция үкіметі EADS Astrium компаниясына Жерді қашықтықтан барлау спутнигін жасап, Қазақстанға беруге рұқсат етуі тиіс. «Осындай жер бетінен 1 метр биіктіктен жоғары кеңістікті суретке түсіретін аппараттар қосарлы мақсаттағы жер серігі деп аталады.
Осы жерде мына мәселені баса айтқым келеді: Қазақстан посткеңестік кеңістік мемлекеттері ішінде Францияның осындай қондырғылары мен оны жасау технологияларына қол жеткізіп отырған алғашқы мемлекет. Бұл екі мемлекет арасында өзара сенім қалыптасқанын және ғарыш саласында стратегиялық әріптестік орнағанын көрсетеді.
- Әңгімеңіз үшін рахмет!
"Интерфакс-Қазақстан" агенттігі