Қазақ энергетика саласындағы жағдай

Қазақ энергетика саласындағы жағдай26 тамыз күні Астанада энергетиктердің алтыншы кеңесі өтті. Сіздің назарыңызға орыс тілінде Василий Ивановтың және қазақ тілінде Қанат Қазының көзқарастарын ұсынамыз.

Энергетикалық қондырғылар «қартайып» барады

Кеше Астанада Қазақстан электр энергетикасы қауымдастығының

VI республикалық кеңесі болып өтті. Жиында Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудағы электр энергетикасының рөлін талқылаған энергетиктер саланы дамытуға қатысты арнайы қарар қабылдады.

Экономиканың бүкіл саласы, ең алдымен, энергетикаға тәуелді. Сондықтан да даму жағынан бәсекеге түсуші әрбір мемлекет әуелгі кезекте энергетика мәселесін оң шешуге ұмтылады. Мұнымен қоймай, дара дамуға бел буған бірқатар елдер өздерінің ұлттық қауіпсіздігінің қатарына ендігі күні энергетикалық қауіпсіздік мәселесін де енгізбек ниет танытқаны белгілі. Энергетикалық қауіпсіздік бірінші кезекте энергетикалық тәуелсіздікті білдіретіні анық. Сонымен қоса, бәлкім, қазіргі ресурстарға бағаның мың құбылу жағдайына орай болар, «энергетикалық қауіпсіздік» деген ұғымның түсінік аясы да өзгеріп отырғанын аңғаруға болады. Мәселен, бұрын бұл тұтынушыларды энергетикалық ресурстармен тұрақты қамтамасыз ету деген мәселені ғана білдіретін еді. Қазір оған қуат көздерін халықаралық нарықта өндіру, тасымалдау мен сату шаралары да қосақталып, энергетикалық қауіпсіздік үшін жауапты болатын жайттар кеңи бастады. Ал Қазақстан үшін энергетика мәселесі – ұлттық экономиканы дамытудағы басты рөлге ие басым бағыттың бірі. Әсіресе ағымдағы жылдан бастап қолға алынған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын сәтті жүзеге асыру да осы ел энергетикасы жағдайына тікелей байланысты. Сол үшін экономиканың маңызды инфрақұрылымдық саласы ретінде электр энергетикасын орнықты дамыту мәселесі де осы бағдарламаның негізгі бөлігіне айналып отыр. Өйткені бүгінгі күні бұл саладағы қордаланған проблемалар жетіп артылады.

«Елуді» алқымдаған жабдықтармен қайда барамыз?

«Электр энергетикасы саласындағы басты проблема – энергетикалық активтердің тозығы жетуінде. Қазақстан энергетикасында, мінеки, жиырма жылдың жүзі болды, негізгі қондырғыларды сапалы ұстап тұру жұмысы жүйелі жүргізілмей келеді. Қондырғылардың 20 пайызы өздерінің жұмыс істеу шегінен асып кетті, соның салдарынан апаттар мен істен шығулар саны өсіп отыр», – деді энергетиктер кеңесі барысында баяндама жасаған индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Дүйсенбай Тұрғанов. Вице-министр бұл тұста энергетикалық кәсіпорындар басшыларының негізгі қаражатты әкімшілік қажеттіліктерге жұмсайтынын сынға алды. Әлгі үлкен кәсіпорындар инвестициялық келісімшарттар жасағанда да, мұны соншалықты ескермейтін көрінеді.

– 2011 жылғы инвестициялық келісімшарттар жобасында да тозығы жеткен қондырғыларды алмастыру, жабдықтарды жаңғырту шаралары қарастырылмапты. Ал бұл дегеніңіз, апатты жағдайлар санының өсе түсуіне әкеп соғады. Мысалға алайық, дамыған елдерде негізгі қондырғылар 5-7 жылда бір рет ауыстырылып тұрады, ал біздің агрегаттардың жасы 50-ден асты, – дейді Б.Тұрғанов.

Өндірістің энергия ауқымдылығын төмендету де маңызды

Дамыған елдер демекші, Қазақстан ЖІӨ-нің 1 доллары үшін озық елдерге қарағанда, 5-6 есеге көп электр энергиясын жұмсайды. Үнемшіл елдермен салыстыра қарасақ, энергетикалық ысырап бойынша қазақ елі тағы да алдына жан салмасы анық. Сондықтан да сараланған тарифті енгізумен қатар, энергия үнемдеудің қосымша тетіктері, жаңартылатын энергия көзін пайдалану мәселесі әлі де қолдауға сүйеніп, түрлене түсетін болады. Бұдан бөлек, жиын барысында энергетиктер электр энергиясына инвестициялық тартымдылықты арттыру, энергия тиімділігі мен энергетика кәсіпорындарының жауапкершілігін күшейту, энергия үнемдеу бағытындағы инновациялық қызметті кеңейте түсу шараларына баса ден қойып отыр. Басқосу барысында айтылған мұндай ұсыныстар 2010-2014 жылдарға арналған салалық бағдарламада, 2020 жылға дейінгі еліміздің электр энергетикасын дамыту тұжырымдамасында ескерілмек. Жалпы алғанда, индустриялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында энергетика инфрақұрылымын қамтамасыз ету бойынша бірқатар мақсаттық көрсеткіштер межеленеді. Атап айтқанда, 2014 жылға дейін еліміздегі электр қуатын 97,9 млрд кВтс-қа дейін жеткізу, көмір өндіруді 123 млн тоннаға дейін арттыру алдыға мақсат етіп қойылған. Ал балама энергия көздері бойынша өндірілетін қуатты 2014 жылға дейін жылына 1 млрд кВтс-қа жеткізу күтіледі.

Қанат Қазы, Алаш айнасы күнделікті газет

Share

Нақтылау

Бірге бол

Пайдалану шарты | Жасырын саясаты | Байланысу

Copyright © 2010 - 2013 KIB - Қазақ Инженерлер Бірлестігі. Бар құқықтар заңмен қорғалады.Қазақ Инженерлер Бірлестігі қоғамдық ұйым ретінде Қазақстанда тіркелген (No.8485-1926-KB)