Қазақстан бес атом электр стансасын салуды жоспарлап отыр

Қазақстан бес атом электр стансасын салуды жоспарлап отырҚазақстан Балқаш маңында жылу электр стансасын (ЖЭС) салу туралы Оңтүстік Кореямен келісім жасады. Сонымен бірге бес бірдей атом электр стансасын салуды жоспарлап отырған Қазақстанға бұл істе Жапония, Оңтүстік Корея және Үндістан көмектесуі мүмкін.

БАЛҚАШТАҒЫ ЖЭС ҚҰРЛЫСЫ

Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы құрылысы 3,8 миллиард АҚШ доллары тұратын және көмірмен жұмыс істейтін электр стансасын салу жөнінде келісімге келгенін жазады «Чосун» газеті. Балқаш маңында тұрғызу жоспарланған электр стансасының қуаты 660 мегаватт болмақ. Құрылысы келер жылдың бірінші жартысында басталып, 2016 жылы бітпек.

«Астананың мұндай шешім қабылдауы Қазақстанның өз аумағында бес атом электр стансасын салу ұмтылысына дөп келіп отыр» деп жазады «Кориа Геральд» басылымы.

Оңтүстік Корея қазір жерде сирек кездесетін металл қорларын жанталаса іздестіріп жатыр. Мамандардың айтуынша, алдағы бірнеше жыл ішінде халықаралық нарықта осындай металдар тапшылығы қатты сезілмек. Балқаш маңында жылу электр стансасын тұрғызудан тыс, Оңтүстік Корея мен Қазақстан уран және тағы да басқа сирек металдардың жаңа кеніштерін барлау саласындағы ынтымақтастықты жалғастыра беру туралы келісімге келген.

«Қазақстан ядролық реакторларда отын ретінде пайдаланылатын уран кенінің қоры бойынша дүние жүзіндегі ең бай ел болып саналады» деп атап көрсетеді «Джунган Дейли» газеті таяуда Қазақстанда Оңтүстік Корея үкіметтік делегациясы өткізген келіссөздер жайлы мақаласында. Бұл келіссөз барысында тараптар Балқаш маңында жылу электр стансасын салу жөнінде келісімге келіп, Қазақстан Республикасында ядролық электр стансалар тұрғызу мүмкіндігін талқылаған болатын.

ЯДРОЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Оңтүстік Корея өзінің ядролық электр стансасын салуға қатысты ең алғашқы келісім-шартын былтыр Біріккен Араб Әмірліктерімен жасасқан. Корея Республикасында қазір 20 реактор жұмыс істеп тұр, тағы сондай 8 реактор жасалып жатыр.

Корея қазір әлемнің көптеген елдерімен ядролық станса салып беруге қатысты келіссөздер жүргізіп жатыр. Олардың арасында Түркия мен Аргентина да бар екенін атап көрсетеді басылым.

«Жапонияның ядролық энергетика саласындағы Japan Atomic Power Company, Toshiba және Marubeni Corp. корпорацияларының ядролық бөлімшесі құрған консорциум жақында Қазақстанмен алғашқы атом электр стансасын салуға қатысты жобаның құнын бағалау жөніндегі жұмысты атқаруға байланысты келісімге келді» деп хабарлайды «Нью Юроуп» сайты.

Аталған үш жапон фирмасының өкілдері өздерінің біріккен коммюникесінде Қазақстан Ұлттық ядролық орталығымен жасалған келісімнің екі елге атом электр стансасын салу жөніндегі жоба аясында құрылыс, стансаны пайдалануға тапсыру және қаржыландыру саласында өзара ынтымақтастықты дамытуға жол ашатынын мәлімдеген.

Ұлыбритания үкіметі Қазақстанға ядролық реакторларды жөнелтуге рұқсат бергені туралы «Сифай» сайты жазады. Ұлыбритания мемлекеттік ядролық энергия жөніндегі корпорациясы (Nuclear Power Corporation немесе NPC) Қазақстанды ядролық технологияны экспорттауға болатын елдер тізіміне енгізді. Яғни, бұдан былай Қазақстан Англиядан қуаты 220 мегаватт, 700 мегаватт және 540 мегаватт болатын ядролық реакторларды импорттай алады.

ҚАЗАҚСТАНҒА РЕАКТОРЛАР ҚАЖЕТ

Ядролық энергия қуатының басты көзі саналатын уран кенінің әлемдегі жалпы қорының он бес пайыздайы Қазақстан еншісіне тиесілі.

«Сифай» сайты Ұлыбритания мемлекеттік ядролық энергия жөніндегі корпорациясының аты-жөнін атамауды жөн көрген шенеунігі Business Standard газетіне былай деп айтқанын жазыпты: «Таңдаудың Қазақстанға түсуі өз-өзінен түсінікті. Себебі, Қазақстанға қуаты 220 мегаватт, 700 мегаватт және 540 мегаватт болатын ауқымдағы кіші және орта көлемдегі ядролық реакторлар қажет болады. NPC-тың тәжірибесі және ауыз толтырып айтуға боларлық жетістіктері бар. Сонымен қатар, Қазақстанның дәл іргесіндегі азиялық серіктестері бәсеке жарыстырып, [өз өнімдеріне] еуропалық бағадан арзанырақ баға қойып отыр».

Биыл қаңтар айында Қазақстан мен Үндістан мемлекеттері қазақ жерінде (үндістандық қысым түсірілген суды пайдаланатын герметикалық ядролық реакторларды пайдалану негізінде жасалуы тиіс) ядролық энергетика нысандарын салу жөніндегі жобалардың техника-экономикалық негіздемесін жасау жөніндегі жұмыстарды күш біріктіре отырып іс жүзіне асыруға қатысты өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған-ды. Осы меморандумға қол қойыла салысымен Ұлыбритания үкіметі жедел қимылдап, Қазақстанды ядролық реакторларды экспорттауға болатын елдер тізіміне енгізді.

Оған дейін Үндістанның ядролық энергия жөніндегі комиссиясының төрағасы Шрикумар Банерджи өз елінің қазір қолданыстағы және жаңадан салынып жатқан ядролық реакторларды экспорттау жөнінен дүниежүзілік ірі орталыққа айналу әлеуеті бар екені туралы пікір айтқан болатын.

Кенжалы ЕСБЕРГЕН
Азаттық радиосы

Share

Нақтылау

Бірге бол

Пайдалану шарты | Жасырын саясаты | Байланысу

Copyright © 2010 - 2013 KIB - Қазақ Инженерлер Бірлестігі. Бар құқықтар заңмен қорғалады.Қазақ Инженерлер Бірлестігі қоғамдық ұйым ретінде Қазақстанда тіркелген (No.8485-1926-KB)