Қарашығанақ кенішін ашушылардың бірі С.Камалов 75 жасқа толып отыр
- Толығырақ
- Категория: Қуат
- Жарияланды 25.12.2010 21:54
21 желтоқсанда көрнекті геолог-мұнайшы, Қарашығанақ кенішін ашушылардың бірі, геология-минералогия ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, Орал қаласы мен Қазталов ауданының құрметті азаматы Сухан Камалов 75 жасқа толып отыр.
Қазталов ауданының Асанқұдық елді мекенінде дүниеге келген ол ҚазМУ-дің геология бөлімін 1959 жылы бітіргеннен кейін осы салада ұзақ жыл жұмыс жасады. 1964 жылы Орал мұнайбарлау экспедициясының бас геологы болып тағайындалған Сухан Мақсотұлы кейін Ақтөбеге осындай қызметке ауысады. 1975 жылы Оралға қайта оралған бас геологтың жұлдызды сәті Қарашығанақ кенішінің ашылуына байланысты. Ол Қарашығанақтағы П-10 ұңғымасын бұрғылауды табанды түрде ұсынады. Ұңғыманы бұрғылауды кейін Социалистік Еңбек Ері атанған С.Лапшиннің бригадасы 1978 жылы 27 сәуірде бастап, 1979 жылы 19 наурызда 3906-3937 метр тереңдіктен газ конденсаты атқылайды. Сол жылы С.Камалов Орал мұнайбарлау экспедициясының бастығы болып тағайындалды. Соның негізінде «Оралмұнайгазгеология» өндірістік бірлестігі құрылып, оның алғашқы бас директоры да өзі болды.
1991 жылы С.Камалов ҚазКСР геология және кен қойнауын қорғау жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Бір жылдан кейін «Қазақгаз» холдингі құрамындағы «Қарашығынақгазкәсіпшілігі» өндірістік бірлестігіне басшылық етті. Кейін «Газжобалау» ғылыми-зерттеу институты» ААҚ-ның президенті болды.
С.Камалов 1994 жылы «Парасат», 2007 жылы ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Оның екі ұлы Хаммет пен Нұржан И.Губкин атындағы Мәскеу мұнай институтын бітіріп, қазір осы салада жемісті еңбек етіп жүр.