Семейде көлік-логистика орталығын құру жоспарланған
- Толығырақ
- Категория: Құрылыс
- Жарияланды 21.08.2010 23:58
Кеден одағы шеңберіндегі экономикалық қатынастарды жетілдіру мақсатында Семейде жылдық қуаты 1,5 млн тонна жүк болатын көлік-логистика орталығын құру жоспарланып отыр, деп мәлім етті Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Әбденов.
С. Әбденовтың айтуынша, бұл орталыққа көлік пен сауданың, соның ішінде халықаралық сауданың барлық түрлері кіреді. Жүк өткізу көлемі жылына бір жарым миллион тоннаны құрайды деп болжанып отыр.
Ал Семей кем дегенде бес халықаралық көлік дәлізінің – «Бақты», Майқапшағай» (Қытаймен шекарада), «Жезкент», «Оба» (Алтай аймағымен шекарада), «Риддер» (Алтай Республикасымен шекарада) бекеттеріне жүк ағымдарының реттеушісі болуға тиіс.
«Облысымыздың Ресеймен шекарасы мың шақырымнан асады. Шекаралас аймақтардың экономикалық қатынастары ары қарай жалғаса береді. Сондықтан бізге заманауи логистикалық орталық қажет. Оны құру қаланың инфрақұрылымын айтарлықтай жақсартып, көптеген әлеуметтік міндеттерді шешуге мүмкіндік береді», - деді әкімнің орынбасары.
ҚазТАГ